Баланы қызылшадан қорғауда байсалдылық пен  жауапкершілік керек

27.11.2023, 10:05
1130
Баланы қызылшадан қорғауда байсалдылық пен  жауапкершілік керек canva.com

Қазіргі уақытта елімізде қызылшамен ауырған адамдар көбейіп кетті. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Мұндай індет көрші елдерді де жайлаған. Қазақстанда биыл бұл дертке 21-қараша күнгі дерек бойынша 16 мыңдай адам шылдыққан деп жатыр. Соның 80 пайыздайы жас бала. Қызылша эпидемиясының бұлайша күрт асқынуы бұдан бұрын 2018-ші және 2005-ші жылдарда болған екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, 2022 жылы қызылшаға шалдыққандар 2021 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан. Ал мұнымен ауырғандардың арасындағы өлім көрсеткіші 43 пайызға көбейген. Соңғы жылдары қызылша ауруының көбеюін мамандар екпе алу деңгейінің төмендігімен байланыстырады. Яғни адамдар қызылшаға қарсы екпені уақытылы алуға келгенде енжарлық танытады. Сондықтан еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға қызылшаға қарсы екпе жасаудың қамына кірісіп жатыр. Екпе шұғыл жеткізіле бастады. Бастапқы лекпен вакцинаның 500 мың данасы жеткізілді деп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі әсіресе Алматы, Шымкент пен Атырауда ең көп ауру тіркелгенін айтады. Қазан айында Шымкентте қызылша дертінің 12 ошағы анықталған. Аурулардың бәрін жатқызып емдеуге мүмкіндік те бола бермесе керек. Жағдайы ауырларды бірінші кезекте ауруханаға жатқызады. Күн сайын 70-80 адам баласын дәрігерге алып барады. Олардың көбінің баласы қызылшаға қарсы екпе алмаған.

Қызылша жұқтырғандар Қазақстанның барлық өңірінде бар. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, кейбір қалаларда науқастарды емдейтін бөлек орталық жабдықталған. Ақтөбе қаласында күрделі ахуал қалыптасып отырғаны айтылды.

1 қарашада еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша екпе егу науқаны туралы қаулыға қол қойған. Екпе бірінші кезекте 6-11 ай аралығындағы сәбилерге егіледі. Ал 1 желтоқсаннан бастап 2 және 5 жастағы балаларға екпе салынады. Бұған қоса профилактикалық екпені өткізіп алған 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге және медицина қызметкерлеріне де екпе егіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қызылша, қызамық және паротитке қарсы Serum Institute of India компаниясының екпесі қолданылады. Бұл – Үндістанның биотехнологиялық және фармацевтикалық компаниясы әрі қандағы сарысуды зерттеу институты, әлемдегі ірі вакцина өндіруші. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында бұл вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кепілдік беретіні жазылған. Осы вакцина қызылшаға қарсы 60 жылдан бері қолданылып келе жатқан көрінеді.

Қызылшаның тарауы Астана қаласында да жоғары деңгейде. Ауруханалар 111 пайызға толды. Көпшілігі екпе салдырмағандар. Қызылшаға тап болғандардың ішінде ересектер де бар.  

Дәрігерлердің айтуынша, көптеген ата-аналар әлі күнге дейін қызылшаның қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Кейбіреулер жеке сенімдері бойынша балаларына екпе салдырудан бас тартады. Олар қызылшаның басқа аурулардың асқынуына алып баратынын түсіне бермейді. Қызылша мидың ісінуі, өкпенің абсцессі сияқты ауыр зардаптарға, саңырау болып қалуға алып баруы мүмкін. Астанада ауруханаға жатқызылған балалардың 96 пайызы екпе алмаған және олардың біразы ауыр жағдайда. Қызылшамен 6 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Дәрігерлер қызылшамен, негізінен, 14 жасқа дейінгі балалар ауыратынын айтады.  Әдетте қызылшамен балалар бір жастан асқанда ауыратын болса, осы күні 5-6 айлығында ауырып жатқандары да бар. Ал үлкендер арасында қызылшаға қарсы ешқашан вакцина алмаған немесе вакцинация күнтізбесіне сәйкес ревакцинацияланбаған адамдар да кездеседі.

Қызылша ауруы Қырғызстанда да таралған. Ол жақта бұл дертке төрт мыңнан астам адам шалдықты. Қырғыздар да біз сияқты елемей жүре берген, яғни балаларына дер кезінде екпе жасатпаған. Аурудың көбірек тараған жерлері Бішкек, Жалал-Абад қалалары және Шу облысы. Ол жақта да вакцина егу жұмысы басталып кеткен. Бұған дейін Қырғызстанда қызылшадан үш бала қайтыс болған.

Өзбекстанның Шығыс аймақтарында да қызылшамен ауырғандардың саны күрт артып отыр. Мысалы, бір ғана Наманган облысында былтыр 8 бала ауырған болса, биыл үш жасқа дейінгі 735 бала ауруханаға түскен. Өзбектер де балаларға екпе жасауға білек сыбана кірісті. Мемлекеттік бюджет есебінен 3 миллион вакцина сатып алынды. Қазір 6 айлықтан 5 жасқа дейінгі балаларға екпе жасап жатыр.

Жұқпалы аурудан балаларды мейлінше қорғау өз қолымызда екенін ұмытпайық. Бұған әрбір отбасы байсалды түрде жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.  

Бектеновсіз өткен сот: Алимов заңсыз өндірілген 8,2 млн теңгені қайтарғысы келмей отыр Ердоған Түркістанда кортежін тоқтатып, тұрғындармен амандасты (ВИДЕО) Семейде балаларға қарап әдепсіз әрекет жасаған ер адам ұсталды (ВИДЕО) Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары бесінші рет ана атанды Баян Алагөзова өзін «Баян-шаян» деп келемеждеген емшіні сотқа бермек «Өзімді Ресейдегі өзбектей сезіндім» деген ресейлік әйел қамауға алынды Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі неге әлеуметтік желіден жоғалып кеткенін ашып айтты «Баспен құлады»: Ақмола облысында 61 жастағы ер адам биіктіктен құлап көз жұмды Боралдайда 70 мың теңге үшін 26 жастағы жігіт қаза тапты Қазақстан мұражайлары мұражай күніне орай TikTok-тың халықаралық бастамасына қосылады «Көршілерім құтқарып қалды»: Алматылық әйел өзіне фельдшер тиіспек болғанын мәлімдеді Астанада білім мен ғылымдағы коучингтің рөлі талқыланды Қытайдан көлік алған қазақтардың шоттары жаппай бұғатталып жатыр Қазақстан армиясы жаңа соғыс форматына бейімделіп жатыр «Миллион теңге де жетпейді»: Бақытжан Базарбек депутаттардың айлығы неге жетпейтінін түсіндірді Трамп Си Цзиньпинді «Голливуд фильмдеріне лайық образ» деп атады Шетел азаматтығын жасырған отбасы Қазақстаннан қуылды «Человек в маске» ауыр дертке шалдыққан жігіттің өмірін бір күнде өзгертті (ВИДЕО) Теңге тағы қысымда: 15 мамырдағы валюта бағамы жарияланды Шаңды дауыл, найзағай, аптап ыстық: 15 мамырда елді қолайсыз ауа райы күтіп тұр